Ақтөбеде бюджет қаржысын жұмсамай-ақ мектептер салынып жатыр

Ақтөбеде бюджет қаржысын жұмсамай-ақ мектептер салынып жатыр
21.10.2019 Білім

Зәмзәгүл Баймағамбетова – Батыс-2 ауданында мектеп құрылысын бастап кеткен еңбекқор кәсіпкер. Бүгінде ғимараттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 1200 орынға есептелген мектеп мемлекеттен тапсырыс алады деп күтілуде. Басқаша айтқанда, оқу ғимаратын жеке инвестор салғанымен, мектеп балаларға тегін болмақ.

Кәсіпкердің сөзінше, қазір бизнес пен мемлекет әлеуметтік нысандарды салуда жақсы әріптестік орнатқан. Осылайша, ол «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан. Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында «Балақай», «Еркемай» және «Айлин» балабақшаларын салған.

«Әлеуметтік нысандарды салғанда кеткен жеке қаражатты өтейтін жақсы бағдарлама бар. Бұл өте жақсы, өйткені бір мектептің құрылысына қыруар қаражат жұмсалады. Осы тұста мемлекеттің қолдауы сезіледі. Сосын жеке инвестор ғимратты барынша сапалы етіп салуға тырысады, себебі бұл өзінің жеке туындысы», - деді Зәмзәгүл Баймағамбетов.

Батыс-2 ауданы өте қарқынды дамып келеді, қазірдің өзінде осында мектептердің жетіспеушілігі байқалады. Нақ осы аудан қаланың агломерация орталығына айналып бара жатыр. Осыған орай, бюджет қаржысын жұмсамай-ақ, осында 400 орынға арналған тағы бір мектептің құрылысы басталған. Сондай-ақ, «Нектар» ӨК төрағасы Шамиль Каспранов та өз қаражатына 1200 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр.