Мавр Абдуллин мектеп оқушыларына экологиялық шараны бастауды ұсынды

Мавр Абдуллин мектеп оқушыларына экологиялық шараны бастауды ұсынды
03.10.2019 Білім

Бүгін 3 қазанда, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин «Экосағат» республикалық шарасына қатысты. Бұл Жер планетасы фаунасының мекендеу ортасын сақтау проблемасына адамзаттың назарын аудартуға арналған халықаралық мерекеге байланысты ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Шаһар басшысы М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясына барып, 10, 8 және 1 класс оқушыларымен тілдесті. Мектеп оқушылары экология мәселесін көтеріп, табиғатқа қамқорлықпен қарау керектігін айтты. Сөйтіп, бір оқушы қыз басынан өткен тәжірибесімен бөлісті. Ол целлофаннан бастартып, экопакеттерді қолдана бастаған. Артынша, ата-анасы да таза өнімді пайдалануға көшкен.

Шаһар басшысының сөзінше, тазалық әр адамның өзінен басталады, өзгелерге үлгі көрсетіп, қоқысты жерге лақтырмау керек. Сондай-ақ, қала әкімі оқушыларға экочелленджді бастауға ұсыныс білдірді.

«Экологиялық шаралар басшылықтан түскен тапсырма аясында емес, сіздердің, қарапайым тұрғындардың бастамасы ретінде өтуі керек. Экопакеттерді қолдану бойынша экочелленджді бастап көріңіздер. Соны басқа да мектептер қолдап кетер», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Кейін шаһар басшысы балалармен бірге 50 жеміс ағашын отырғызу рәсіміне қатысты. Мектеп оқушылары болашақ бақшаны ұқыпты күтіп-ұстауға уәде етті.

Айта кетейік, мұндай «экосағаттар» Ақтөбе қаласының барлық 83 мектебінде өтті.