Ақтөбе қаласы әкімінің жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссиялардың біріккен отырысы өтті

01.06.2018 Жемқорлыққа қарсы күрес

Қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың біріккен отырысында жергілікті полиция қызметінің, облыстық наркологиялық диспансердің құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде жұмыстары, сонымен бірге, қалалық мемлекеттік мекемелердің қатарында сыбайлас құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары туралы сұрақтар қаралды. 

Осылайша, Ақтөбе қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Қанат Әлиев Ақтөбе қаласы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және Қазақстан Республикасының басқа да өңірлерінен келген азаматтарға қатысты құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есеп берді.

Сонымен қатар, құқық тәртібін қамтамасыз етуде азаматтардың рөлін арттыру мақсатында қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлерін құқықтық тәртіпті қорғауға тарту туралы есеп тыңдалды. 

Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансердің меңгерушісі Балзада Мурзатлеуованың мәліметіне сәйкес жастар арасында маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу жөнінде өткізілетін іс-шаралар психобелсенді заттарды қолдану мен таралуын тоқтатуға бағытталған әлеуметтік, білім беру және медициналық-психологиялық іс-шаралар кешенін қамтиды. 

Ақтөбе қаласының ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекция қызметкерлерімен біріккен іс-шаралар, психолог, медициналық қызметкерлердің қатысуымен қатысушылар арасында маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу сұрақтары бойынша дөңгелек үстелдер өткізіледі.   

Наркологиялық диспансерде есепте тұрған тұлғалардың санын азайту үшін комиссия мүшелерімен спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарға құмар тұлғаларды барынша анықтау және профилактикалық есепке қою үшін Ақтөбе қаласының ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, арнайы медицианлық-полицейлік рейдтік іс-шаралар өткізу ұсынылды. 

Комиссия отырысында сыбайлас құқық бұзушылықтың алдын алу үшін атқарылған жұмыстар, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, оларды электрондық форматқа көшіру туралы «Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-ң басшысы Нәйля Бөртебаева, «Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-ң басшысы Руслан Төреғали ақпараттандырды. 

«2015-2017 жылдарған арналған Ақтөбе қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жоспардың» орындалуы туралы, мемлекеттік сатып алу процедурасын өткізуде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бермеу жөніндегі іс-шаралар, мемлекеттік және жергілікті бағдарламаларды жүзеге асыруда ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету туралы ақпарат тыңдалды. Өткізілген тендер қорытындысы бойынша жұмыстар барысы мен бюджет қаражатын игеру сұрақтары қатаң бақылауға алынған. 

Бөлімдерде сенім телефоны, пошта жәшігі, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне шағымдану үшін «Мемлекеттік қызметкердің этикасын бақылау кітабы» жеке және заңды тұлғалардың өкілдеріне қолжетімді нысанда орналасқан. Бөлім басшылары тұрақты түрде жеке және заңды тұлғалардың өкілдердін қабылдауды жүргізеді. 

Комиссия отырысын қорытындылай келе, комиссия жұмысына төрағалық етуші әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді. 

Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жоспарының орындалуын тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін профилактикалық жұмыстарды жандандыру, Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жоспары жүзеге асыруды ерекше бақылау алу қажеттігі аталып өтті. 

Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелермен оған бағынысты ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу тапсырылды.